"Ақмола облысы білім басқармасының Есіл ауданы бойынша білім бөлімінің Есіл қаласының № 1 жалпы білім беретін мектебі "коммуналдық мемлекеттік мекемесі


Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

КР тілдерді дамыту бағдарламасмы

12.04.2019

 

 

Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы 29 маусымдағы
№ 110 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың
2011 - 2020 жылдарға арналған
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
Бағдарлама паспорты

      Ескерту. Бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.12.2015 № 126 Жарлығымен.

Кіріспе

      Ескерту. Бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.12.2015 № 126 Жарлығымен.

      Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 және 93-баптарына, "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығыменбекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына, "Мемлекеттік бағдарламалардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі Іс-шаралар жоспарының 3-тармағына, Ел бірлігі доктринасына, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет" ұлт жоспарына сәйкес әзірленді.

      Іске асырылуы он жылға есептелген Бағдарлама елімізде қалыптасқан тіл құрылысын талдауға негізделген, тіл мәселелерімен айналысатын сарапшылар қауымының пікірлері мен ұсыныстары ескеріле отырып әзірленген.

      Бағдарламаны әзірлеу кезінде 30-дан астам шет елдің мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мәселелерінің құқықтық реттеу тәжірибесі зерделенді.

      Бұл құжат қоғамдық өмірдің барлық саласында тілдерді дамыту мен қолдану және мемлекеттік тілді кең ауқымды қолдану үшін жағдай жасауға байланысты өзекті проблемаларды шешудің нормативтік-ұйымдастырушылық негізі болып табылады.

      Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: "Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет" деп атап көрсеткен болатын.

      Ел бірлігі доктринасында мемлекеттік тіл жалпыұлттық және рухани бірліктің басты факторы, негізгі басымдығы ретінде айқындалған. Оны меңгеру әрбір Қазақстан азаматының парызы мен міндеті саналып, жеке өзінің бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге араласуының белсенділігін айқындайтын ынталандырушы тетік болуға тиіс.

      "100 нақты қадам": баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет" ұлт жоспарындағы негізгі бағыттардың бірі "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру, сондай-ақ қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың түйінді факторы ретінде үштілді білім беруді дәйекті түрде дамыту болып табылады.

      Бағдарламада белгіленген мақсаттар мен міндеттер Бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңіне арнап уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейтін және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін Іс-шаралар жоспары арқылы жүзеге асырылады.

      Бағдарламада көзделген барлық іс-шаралар жалпыұлттық бірлікті нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді дамытудың басымдығына негізделген және азаматтардың рухани-мәдени және тілдік қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға бағытталған. Бағдарламаның барлық іс-шаралары Конституцияның 7-бабына және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 23 ақпандағы № 3 қаулысына барынша сәйкес түзілген.

      Бағдарламаны іске асырудың нәтижелі болуы жоспарланған іс-шараларды іске асырудың тиімділігіне қол жеткізу үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және негізгі бағдарламалық іс-шараларды мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына кіріктіру жолымен қамтамасыз етілетін болады.

      Сонымен қатар, бұл шаралардың практикалық нәтижесіне қол жеткізу үшін барлық мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілері, оның ішінде ұлттық компаниялар мен қаржылық ұйымдар күш жұмылдыруға тиіс.

Қазіргі ахуалды талдау

      Ескерту. Бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.12.2015 № 126 Жарлығымен.

      Тәуелсіз Қазақстанда оңтайлы әлеуметтік-лингвистикалық кеңістік құру тіл саясатын кезең-кезеңмен іске асыру арқылы жолға қойылып отыр.

      1997 - 2000 жылдары "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" 1997 жылғы Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына және Тілдерді қолдану мен дамытудың 1998 - 2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бекітілуіне орай қоғам өмірінің негізгі салаларында тіл құрылысының құқықтық негізі қалыптаса бастады.

      2001 - 2010 жылдары Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында тіл құрылысы стратегиясының мынадай үш бағыты айқындалды: мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту және нығайту, орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау, Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту. Сондай-ақ осы кезеңде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша "Тілдің үш тұғырлылығы" ұлттық мәдени жобасын іске асыру жұмысы басталды.

      Бағдарламаны іске асыру қорытындылары Қазақстан Республикасындағы тіл құрылысының келешекпен сабақтас негізін қалады:

      1) мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымы елеулі түрде кеңейді: қазақ тілінде оқытып, тәрбиелейтін ұйымдар (балабақшалар мен шағын орталықтар) - 5644, мектептер - 3798, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары - 88;

      2) іс қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру процесі белсенділікпен іске асырылып келеді (мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы шамамен 88 %-ды құрайды);

      3) мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік базасы әзірлену үстінде (көп деңгейлі оқу-әдістемелік кешендер, жалпы таралымы 720 мың дана 10 түрлі сөздік, жалпы таралымы 260 мың дана екі және үштілді 8 салалық сөздік жарық көрді).

      2011-2014 жылдары:

      1) 168 баспа жобасы, оның ішінде 48 оқу-әдістемелік құрал, балаларға арналған 35 кітап, 36 салалық сөздік және танымдық, ғылыми, публицистикалық 49 кітап жарық көрді. "Қазақ сөздігі" қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі, инновациялық негізде әзірленген "Даналық әліппесі" оқыту кешені жарық көрді.";

      2) бірқатар тележобалар, реалити-шоулар, қазақ тілін оқыту сабақтары, анимациялық фильмдер және т.б. іске асырылды;

      3) ІЕLТS (Ұлыбритания) және ТОЕҒL (Америка Құрама Штаттары) жүйелері бойынша тілді білуді бағалаудың көпдеңгейлі жүйесі негізінде "Қазтест" жүйесі әзірленді;

      4) қазақ тілін оқыту орталықтарын аккредиттеу жүйесінің әдіснамасы әзірленді;

      5) шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін үйренуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдауды ұйымдастыру жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Шетелде тұратын отандастарды қолдау мақсатында тұрақты түрде Еуропа қазақтарының дәстүрлі кіші құрылтайы мен өнер фестивалі, сонымен қатар шетелде тұратын отандастарымыздың өмірлік іс-әрекетінің мәселелері бойынша әлеуметтанушылық және талдамалық зерттеулер жүргізіледі;

      6) Қазақстандағы этностардың тілдерін оқыту бойынша көптілділіктің инновациялық әдістемесі әзірленді;

      7) мемлекеттік тілді үйрету процесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында интернет-портал (сервистің 20-дан астам түрі) құрылып, үнемі жаңартылып тұрады;

      8) қазақтілді интернет-ресурстарды, контенттерді дамыту мақсатында тілді қашықтықтан оқыту курстарының саны ұлғайды;

      9) мемлекеттік тілдің коммуникативтік функциясы нығаюда (мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі - БАҚ) контентінде электрондық БАҚ-та қазақ тілінде хабар тарату көлемі, сондай-ақ баспа БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің үлесі 50 %-дан жоғары).

      Қазіргі уақытта отандық телевизиялық арналарда қазақ тіліндегі шығармашылық және авторлық бағдарламалардың үлесі артуда;

      10) шетелде тұратын отандастармен мәдени байланыстарды дамыту және нығайту жөніндегі жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде;

      11) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2013 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы және бірқатар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылданды;

      12) Қазақстанда тұратын этностардың тілдерін мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесі құрылды.

      Алдағы онжылдық кезеңдегі (2011-2020 жылдардағы) тіл құрылысының қисыны елімізде бірқатар проблемалық аспектілердің бар болуымен байланысты.

      Алдағы онжылдықтағы (2011 - 2020 жылдардағы) тіл құрылысының қисыны елімізде бірқатар проблемалы аспектілердің бар болуымен байланысты.

      Қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгерудің әркелкі деңгейі. Бұл проблемалы аспект мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай әдіснамасы мен стандарттарының, қазақ тілі оқытушылары мен мамандарының даярлық деңгейінің төмендігімен, қазақ тілін оқыту инфрақұрылымы қызметінің бірыңғай стандарттарының болмауымен, мемлекеттік тілді меңгеру процесін ынталандыру және мониторинг жасау жүйесінің болмауымен тікелей байланысты.

      Елдің әлеуметтік-коммуникативтік кеңістігіне мемлекеттік тілдің жеткіліксіз енгізілуі. Бұл бағыттағы проблемалы мәселелер, ең алдымен, халықаралық коммуникациялар, демалу мен ойын-сауық саласында мемлекеттік тілді белсенді қолдану аясының кеңеюіне, оны заңның, ғылымның және жаңа технологиялардың тілі ретінде дамытуға байланысты болып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде таныту сияқты мәселелердің маңызды тізбесі проблемалы болып табылады, сондай-ақ тіл саласындағы кейбір келеңсіз дақпырттар мен таптаурын пікірлер де осы проблемалардың қатарынан орын алып отыр.

      Қазақстан қоғамындағы тіл мәдениетінің төмендеуі. Көрсетілген аспектіде терминология, антропонимика және ономастика салаларындағы проблемалар, сөйлеу және жазу мәдениетін жетілдіру, сондай-ақ үйлесімді тілдік орта құру қажеттілігі лингвистикалық кеңістікті одан әрі өрістетуде айтарлықтай қиындықтар тудырып отыр.

      Осы ретте тіл мәдениеті нормаларының сақталуы бойынша шаралар ұйымдастыру көзделеді.

      Қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын сақтау және нығайту қажеттілігі. Бұл аспектіде қазақстандықтардың бәсекелестік басымдығы ретінде орыс тілін меңгеру деңгейін сақтауға, Қазақстан мәдениетінің тілдік әралуандығын қалыптастыратын этностардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасауға және халықаралық іскерлік қарым-қатынас құралы ретінде ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйренуге байланысты проблемалар жиынтығы бар.

      Осы проблемаларды шешудің және нормативтік-құқықтық базаны жетілдірудің басым қажеттілігі бағдарламаның мынадай мақсаттары мен міндеттерді көздейді.

Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары
және оны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері

      Ескерту. Бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.12.2015 № 126 Жарлығымен.

      Бағдарламаның басты мақсаты - Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты.

      Бағдарламалық мақсаттар:

      1) мемлекеттік тілді меңгеруді қамтамасыз етудің тиімді тәсілдеріне қол жеткізу;

      2) мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізу;

      3) дамыған тіл мәдениеті - зиялы ұлттың әлеуеті;

      4) қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын дамыту.

      Нысаналы индикаторлар:

      1) мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін (2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 90%);

      2) мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесін (2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);

      3) мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесін (2014 жылға қарай - 53%, 2017 жылға қарай - 62%, 2020 жылға қарай - 72%);

      4) тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау процесін талқылауға қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесін (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%);

      5) қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесін (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);

      6) республикадағы орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесін (2020 жылға қарай - 90%);

      7) этномәдени бірлестіктер жанындағы қазақ және ана тілдерін оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесін (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 80%);

      8) республикадағы ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесін (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 22%, 2020 жылға қарай - 25%);

      9) республикадағы үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесін (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай 17%, 2020 жылға қарай - 20%) ұлғайту.

      Міндеттер:

      1) мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру және стандарттау;

      2) мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту;

      3) мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру;

      4) мемлекеттік тілді қолдану мәртебесін арттыру;

      5) мемлекеттік тілге сұранысты арттыру;

      6) қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу;

      7) тіл мәдениетін жетілдіру;

      8) коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі орыс тілінің қызмет етуі;

      9) Қазақстандағы тілдік әралуандықты сақтау;

      10) ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену.

      Нәтижелер көрсеткіштері:

      1) мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқытылатын болашақ қазақ тілі пәні оқытушыларының саны (жыл сайын 500 адам);

      2) онлайн режимінде қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін пайдалана отырып ұйымдастырылған мемлекеттік тілді оқыту орталықтары оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралардың үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 90%);

      3) мемлекеттік тілді оқитындар санының өсуі (2014 жылға қарай - 30%, 2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);

      4) "Қазтест" жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі (2017 жылға қарай - 25%, 2020 жылға қарай - 35%) С1 деңгейінде (2017 жылға қарай - 5%, 2020 жылға қарай - 15%);

      5) "Қазтест" жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлердің үлесі (2017 жылға қарай - 10%, 2020 жылға қарай - 20%), С1 деңгейінде (2017 жылға қарай - 5%, 2020 жылға қарай -10%);";

      6) мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолданылуына бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың үлесі (жыл сайын 10%);

      7) мемлекеттік БАҚ эфиріндегі мемлекеттік тілдегі жаңа телевизиялық жобалар санының өсуі (жыл сайын 10%);

      8) мемлекеттік тілде шығатын баспа БАҚ-ты қолдауға бағытталған мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың үлесі (жыл сайын 50%);

      9) көрнекі ақпараттың пайдаланылуын бақылаудың өңірлерді қамту дәрежесі (2014 жылға қарай - 30%, 2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 100%);

      10) терминологиялық комиссия бекіткен терминдердің саны (2017 жылға қарай - 18000, 2020 жылға қарай - 27000);

      11) қазақ және ана тілдерін үйрету бойынша әдістемелік көмекпен қамтылған ұлттық-мәдени бірлестіктері бар этностардың үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);

      12) орталықтардың жалпы санына шаққанда ағылшын және басқа да шет тілдерін үйрету бойынша қызмет көрсететін мемлекеттік тіл оқыту орталықтарының үлесі (2014 жылға қарай - 50%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 100%).

Бағдарламаның негізгі бағыттары, алға қойылған мақсаттарға
қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар

      Ескерту. Бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.12.2015 № 126 Жарлығымен.

      Бірінші бағыт - мемлекеттік тілді меңгеру

      Мақсаты: "Мемлекеттік тіл - жалпыұлттық бірліктің басты факторы"

      Нысаналы индикаторлар:

      1) мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі (2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 90%);

      2) мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі (2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%).

      Бағдарламаның бірінші бағытын іске асыру арқылы Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру көзделеді. Бұл жүйенің өзегінде үшқұрамды негіз бар - мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру, оқытудың инфрақұрылымын кеңейту және мемлекеттік тілді меңгеру процесін ынталандыру. Аталған тәсіл бірінші бағыттың үш міндетін айқындайды.

      1. Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру және стандарттау

      Қазақ тілін оқыту әдіснамасын жетілдіру үшін ең алдымен, оқытудың тиісті стандарттарын жетілдіру және үздіксіз білім беру моделін жасау арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесін енгізу қарастырылып отыр.

      Көпдеңгейлі стандарт арқылы тілді А1-А2 деңгейлері бойынша қарапайым түрде пайдалану, тілді В1-В2 деңгейлері бойынша өз бетінше пайдалану және тілді С1-С2 деңгейлері бойынша біліктілікпен пайдалану көзделуге тиіс.

      Құрылған стандартты жүйенің негізінде мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамалық негізін дайындау, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де әзірлеу көзделеді.

      Осы шаралар мемлекеттік тілді бастауыш сыныптарындағы оқушылардың А1 деңгейінде, орта буындағы оқушылардың А2 деңгейінде, мектептің жоғары сынып, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері оқушыларының В1 деңгейінде, жоғары оқу орны студенттерінің В2 деңгейінде, жоғары оқу орнынан кейін білім алатындардың С1 деңгейінде игеруін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Бұған қоса, тілді меңгеру үлгілерін жетілдіру мен жаңғырту көзделеді. Қазақ тілі толыққанды күнделікті қызметтік және кәсіптік қарым-қатынас тіліне айналуға тиіс.

      Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқытудың стандарты негізінде шығармашылық педагогикалық ізденістің және оқытудың жаңа әдістемелерін әзірлеудің тұрақты процесі сөзсіз қажеттілікке айналатын болады.

      Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қазақ тілі оқытушыларын оқыту және олардың біліктілігін арттыру құрылатын жүйенің қажетті құрамдас бөлігі болып табылады.

      Мамандарды жоғары сапалы деңгейде оқыту ісін жүргізуге ұйымдастырушылық және әдістемелік мүмкіндігі бар ғылыми-білім беру орталықтары санының аздығына байланысты қашықтан оқыту жүйесін кеңінен енгізу көзделеді.

      2. Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесінің ең қажетті екінші құрамдас бөлігі - қазақ тілін оқыту орталықтарының аккредиттелген желісін құру болып табылады. Қазақ тілін оқытуға арналған осы орталықтар оқу орындарын бітірген Қазақстанның ересек азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруінің инфрақұрылымдық базасына айналуға тиіс.

      Аталған бағытты жүзеге асыру Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының білім беру қызметіне міндетті талаптарды енгізудікөздейді.

      Бұл үшін, ең алдымен, орталықтардың білім беру қызметіне қойылатын талаптарды енгізу үшін құқықтық базаны, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын осы талаптарға сәйкес аккредиттеуді жүзеге асыру үшін құқықтық негізді жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау.

      Сонымен қатар, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының қызметін рейтингтік бағалау жүйесін енгізу қарастырылады.

      Орталықтардың рейтингін жасауға орталық тыңдаушыларының "Қазтест" бағдарламасы бойынша емтихан тапсыру нәтижелері туралы шынайы мәліметтер негіз болады. Рейтинг мәліметтері қоғам үшін де, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялау үшін де қолжетімді болмақ.

      Рейтинг жүйесін енгізу үшін мемлекеттік тілді оқыту орталықтары қызметіне рейтингтік бағалау жүргізудің құқықтық негізі мен әдіснамасын әзірлеу қажет.

      3. Мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру

      Қойылған мақсатқа қол жеткізудің үшінші міндетті құрамдас бөлігі мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру және мониторинг жүргізу жүйесін құру болып табылады.

      Аталған міндетті мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік қызмет көрсету, сондай-ақ халыққа қызмет ұсыну саласындағы ұйымдардың қызметкерлерінің (банктер, сауда ұйымдары, қызмет көрсету саласы және тағы басқалары) қазақ тілін білу деңгейіне қойылатын ең төменгі талаптарды айқындау арқылы іске асыру көзделеді. Аталған шара мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне қойылатын талаптарды бекітетін құқықтық базаны әзірлеуді, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту жүйесін ұйымдастыруды қажет етеді.

      Мемлекеттік тілді қажетті көлемде меңгермеген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу деңгейі жыл сайын "Қазтест" бағдарламасының негізінде анықталуы тиіс.

      Әрбір мекеме ұйымдастырған мемлекеттік тілді оқыту курсының аяқталуы бойынша қызметкерлер "Қазтест" жүйесі арқылы сертификаттық тестілеуге қатысып, білім деңгейін анықтайды.

      Қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейі қазақ тілінің коммуникативтік талаптарын анықтайтын ұлттық стандарттар негізінде белгіленеді.

      Тест технологиясы диагностикалық және сертификаттық тесттен тұрады.

      Білім беру жүйесінің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау және бақылау жүйесін жетілдіру мәселесін пысықтау көзделеді. Қазақ тілі мемлекеттік аралық бақылау (МАБ) мен ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) қажетті және міндетті құрамдас бөлігіне айналуға тиіс.

      Қазақ тілін үйренуге мүдделі барлық тұлғаларға кеңінен мемлекеттік қолдау көрсету көзделген. Осы шаралардың қатарында мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының жанынан білім деңгейі бойынша тегін курстар ұйымдастыру, сондай-ақ осы жұмысқа мемлекеттік-жекеше серіктестік әдістерін қолдану қарастырылған.

      Сонымен қатар, оқытудың инновациялық түрлері мен әдістемелерін әзірлеу арқылы қазақ тілін қашықтан оқытуды кеңінен енгізу көзделеді.

      Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілін меңгеру үшін саяси-дипломатиялық, әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар отандастар мәселелері бойынша сараптамалық және зерттеу жұмыстарының жүйесін ұйымдастыру көзделеді.

      Нәтижелер көрсеткіштері:

      1) мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқытылатын болашақ қазақ тілі пәні оқытушыларының саны (жыл сайын 500 адам);

      2) онлайн режимінде қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін пайдалана отырып ұйымдастырылған мемлекеттік тілді оқыту орталықтары оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралардың үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 90%);

      3) мемлекеттік тілді оқитындар санының өсуі (2014 жылға қарай - 30%, 2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);

      4) "Қазтест" жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі (2017 жылға қарай - 25%, 2020 жылға қарай - 35%) С1 деңгейінде (2017 жылға қарай - 5%, 2020 жылға қарай - 15%);

      5) "Қазтест" жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлердің үлесі (2017 жылға қарай — 10%, 2020 жылға қарай - 20%), С1 деңгейінде (2017 жылға қарай - 5%, 2020 жылға қарай - 10%);

      Екінші бағыт - мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту

      Мақсаты: "Мемлекеттік тілдің көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізу"

      Нысаналы индикаторлар:

      1) мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі (2014 жылға қарай - 53%, 2017 қарай - 62%, 2020 жылға қарай - 72%).

      Екінші мақсатқа қол жеткізудің алгоритмі арқылы мемлекеттік тілдің беделін арттыру мен қолданылу аясын кеңейту жөніндегі жұмысты жүзеге асыруды көздейді.

      1. Мемлекеттік тілді азаматтық қоғам институттарында және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен қолдану.

      Бұл міндетті іске асыруға қоғамдық санада мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру және орнықтыру арқылы қол жеткізіледі. Осы бағыттағы негізгі рөлге PR-технологиялар ие болады. Бұл үшін мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және насихаттау жөніндегі арнайы жұмыстарды ұйымдастыру көзделеді.

      Нысаналы аудиториялардың негізгі ерекшеліктерін ескере отырып, әртүрлі позитивті бейнелер мен модельдерді әзірлеу негізінде мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру жөніндегі жұмысқа табысқа жеткен, мәртебелі тұлғаларды, оның ішінде мемлекеттік және басқа да тілдерді білетін этнос өкілдерін тарту көзделеді.

      Аталған жұмыстар жиынтығы, сондай-ақ мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру процесіне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үкіметтік емес сектордың шығармашыл әлеуетін тартуды талап етеді.

      Жоспарланып отырған шаралар қатарында Интернетті қоса алғанда, БАҚ-тың барлық түрінде мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізетін үлгі тұтарлық бейнелерді медиалық ротациялау, көпшілікке арналған мерзімді басылымдарды шығаруды, негізгі нысаналы аудиториялар үшін көрнекі және имидждік өнімдер шығара отырып, көрнекі үгіт құралдарының PR іс-шаралар кешенін ұйымдастыруды қамтамасыз ету.

      Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу жөніндегі жұмысқа бірлескен акциялар өткізу арқылы мемлекеттік-жекеше серіктестік әдістерін тарту көзделеді.

      Мемлекеттік тілді отбасы құндылығы ретінде көпшіліктің қолдануына қол жеткізу аталған жүйенің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақ тілінде сөйлейтін, оның ішінде этностар мен шетелдік диаспоралар өкілдерінің танымал отбасыларын РR жұмысына тарту арқылы мемлекеттік тілді отбасындағы қарым-қатынас тілі ретінде көпшіліктің қолдануына қол жеткізу жөнінде ауқымды науқан ұйымдастыру көзделеді.

      Сонымен қатар қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, ақпараттық-идеологиялық сипаттағы шаралар кешенін - ақпараттық және қоғамдық науқандар, ірі қоғамдық қозғалыстар, акциялар мен жобалар ұйымдастыру талап етіледі.

      Қоғамдық пікірді қалыптастыру жөніндегі жұмыстардың маңызды элементінің бірі - мемлекеттік тілді қолдану мәселелеріндегі ұнамсыз таптаурындарды бейтараптандыру көзделеді.

      Осы бағыттағы жұмыс мемлекеттік тілді пайдалану мен қолдану саласындағы ұнамсыз таптаурын пікірлерді алдын ала анықтау жөнінде зерттеу-талдау қызметін жүргізу, қажетті шаралар кешенін айқындау арқылы жолға қойылады.

      Үкіметтік емес сектор мен масс-медиа әлеуеті мемлекеттік тілді қолдану саласындағы жағымсыз аспектілерді қоғамдық айыптау тетіктерін қалыптастыру жөніндегі жұмыстың негізгі ресурсына айналуға тиіс.

      2. Мемлекеттік тілге сұранысты арттыру

      Қойылған мақсатқа қол жеткізудің екінші міндеті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық саласына кіріктіру болып табылады.

      Осы бағытта мемлекеттік тілде хабар тарататын жаңа телевизиялық арналар құру арқылы тілдік ортаны қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлін күшейтуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл ретте цифрлық телерадио хабарларын таратуды енгізу арқылы айрықша мүмкіндіктер ашылады.

      Сондай-ақ балалар мен жастарға арналған қазақ тіліндегі контентті кеңейту, арнайы оқыту бағдарламаларын жасап, фильмдер түсіру арқылы мемлекеттік тілді оқыту процесін ұйымдастыруда медиалық саланың әлеуетін белсенді пайдалану көзделеді.

      Сондай-ақ қазақ тіліндегі интернет-ресурстарды мемлекеттік қолдау жүйесі арқылы қазақ тілді БАҚ-тарға жүйелі қолдау көрсету де маңызды аспект болып саналады.

      Қоғамдағы тіл мәдениетін тікелей қалыптастыратын адамдар ретінде БАҚ қызметкерлеріне қойылатын міндетті тілдік біліктілік талаптарын енгізу ерекше рөлге ие болады.

      Сонымен бірге, аталған бағытта мемлекеттік тілді ғылым, заңнамалық актілер және жаңа технологиялар тілі ретінде дамыту шаралары көзделеді.

      Осы ретте дәстүрлі және инновациялық тәсілдер негізінде өзіндік ғылыми-технологиялық тілдік базаны қарқынды дамыту барынша өзекті болып саналады.

      Энциклопедияларды, ғылыми-публицистикалық, іскерлік, көркем және басқа да әдебиеттерді түпнұсқа тілінен қазақ тіліне аудару ісін ұйымдастыру және көп таралыммен шығару мемлекеттік тілдің қазіргі қолданбалы ғылым тілі ретіндегі рөлін барынша күшейтуге мүмкіндік береді.

      Сонымен бірге, "электрондық үкімет" шеңберінде электрондық қызмет көрсетудің барлық деңгейінде қазақ тілінің қолданылуын жандандыра түсу көзделеді.

      Қазақ тілінің халықаралық қарым-қатынас, демалыс және ойын-сауық саласында қолданылуын кеңейте түсу де көзделіп отыр.

      Мәдениет мекемелерінің репертуарларын қазақ тіліндегі жаңа контентпен толықтыру қажеттілігі мемлекеттік тілдегі жаңа қойылымдарды және жобаларды, оның ішінде балалар мен жасөспірім көрермендер аудиториясына лайықталған шығармаларды туындату үшін шығармашыл әлеуетті ынталандыруға арналған конкурстық шараларды ұйымдастыру және өткізудің міндеттерін айқындап берді.

      Бұқаралық мәдени, спорт және басқа да көпшілік шараларды өткізген кезде мемлекеттік тілді кеңінен қолдану сөзсіз қажеттілікке айналуға тиіс.

      Халықаралық кездесулер өткізіп, шарттарды, келісімдерді және өзге де халықаралық актілерді ресімдеу кезінде мемлекеттік тіл негізгі тіл болуға тиіс.

      Этнотуристік іс-шараларды (мәдени-этнографиялық ескерткіштерге саяхат, скаутинг, балалардың этносаяхаттары және жазғы этнолагерьлер) ұйымдастырған кезде мемлекеттік тілдің әлеуетін белсенді пайдалану өте өзекті болып саналады.

      Нәтижелер көрсеткіштері:

      мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың үлесі (жыл сайынғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға бөлінетін қаражаттың жалпы көлемінің 10 %-ынан кем емес);

      мемлекеттік БАҚ эфирінде мемлекеттік тілдегі жаңа телевизиялық жобалар санының өсуі (жыл сайынғы телевизиялық жобалардың жалпы санының - 10 %-ы);

      мемлекеттік тілде шығатын баспасөзді қолдауға бағдарланған мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың үлесі (жыл сайын 50 %-дан кем емес).

      Үшінші бағыт - қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыру

      Мақсаты: "Дамыған тіл мәдениеті - зиялы ұлттың әлеуеті"

      Нысаналы индикаторлар:

      1) тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау процесін талқылауға қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесін (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%);

      5) қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесін (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);

      1. Қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу

      Аталған бағытты іске асыру арқылы ең алдымен, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын жүйеге келтіруді қамтамасыз ету көзделеді.

      Ономастика саласындағы жұмысты жетілдіру арқылы, ең алдымен, ономастикалық жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық қағидаттарын енгізу, қоғамдық пікірді ескеру, шешімдерді қабылдау процесіне азаматтық қоғам институттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту көзделеді.

      Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін ономастика саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіре түсу, сондай-ақ географиялық объектілердің атауларын мемлекеттік тілде жазу, оны орыс және басқа да тілдерде транслитерациялаудың ережелерін әзірлеу талап етіледі.

      Антропонимикалық атауларды және көрнекі ақпараттарды сәйкестендіруді жүзеге асыру мемлекеттік тілде антропонимикалық белгілеулерді жазу мен сәйкестендіру жөніндегі бірыңғай талаптарды әзірлеуді, сондай-ақ көрнекі ақпаратты көркем ресімдеу туралы нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді талап етеді.

      Терминологиялық лексиконы біріздендіру, терминологиялық қорды толықтыру жөніндегі міндет өте өзекті болып саналады.

      Қазақ терминологиясын жүйелеу жөніндегі жаңа талаптарды әзірлеу, терминдерді және атауларды негізгі қағидаларға, қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру жұмыстары қажетті шаралар болып есептеледі.

      Аталған жұмыс әлемдік тәжірибені, туыстас тілдердің үлгілерін, халықаралық терминдерді және терминологиялық атауларды пайдалану арқылы, сондай-ақ жаңадан бекітілген терминдерді бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалану жиілігіне тұрақты мониторинг жасау жағдайында жүргізілуге тиіс.

      Терминологиялық қорды жаңа терминдермен жаңарту тілдік тарихи мұраны қайта жаңғыртуды, сондай-ақ терминтану мен терминография жөніндегі арнайы жұмыстарды жүргізуді талап етеді.

      Сонымен қатар салалық терминологияның бірыңғай электрондық базасын құрып, қазақ терминологиясының жалпы қорын жасап, веб-сайттар мен порталдарға орналастыру көзделеді.

      Сондай-ақ үздіксіз тілдік өзгерістер процесін тіркеп отыратын, тілдің лексикалық және грамматикалық құрылысын сипаттайтын жүйе құру қажеттілігі де өте өзекті болып табылады.

      Тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуына бақылауды күшейту ұсынылып отырған жүйенің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болуға тиіс.

      Осы жұмыс аясында құқықтық олқылықтарды жою және тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту тұрғысынан нормативтік құқықтық базаны жетілдіру талап етіледі.

      Көрнекі және жарнамалық ақпарат құралдарында қазіргі қазақ әдеби тілінің тиісінше қолданылуын бақылауды күшейту де қажетті шаралар қатарына жатады.

      2. Тіл мәдениетін жетілдіру

      Қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін көтерудің қажетті құрамдас бөлігі сөйлеу мәдениетін дамыту болуға тиіс.

      Айтыстар, мүшәйра, пікірталас турнирлерін және жыраулар мен жыршылар конкурстарын ұйымдастыру және өткізу осы бағыттағы негізгі шаралар болып табылады.

      Қазақ жазуын одан әрі жетілдіру сауаттылықты арттыруға бағытталған конкурстық іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу арқылы іске асырылатын болады. Сонымен бірге мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын мерзімді баспа басылымдарын мемлекет тарапынан қолдау талап етіледі.

      Сонымен қатар, ақпараттық-анықтамалық электрондық тілдік қызметті құру және одан әрі дамыту, элективті, қосымша курстарды ұйымдастыру арқылы мемлекеттік тілдегі іскери ресми жазба дағдыларын үйрету жүйесін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

      Үйлесімді тілдік ортаны сақтау қажеттілігі тіл мәдениетін жетілдіру жөніндегі міндеттердің өзегіне айналып отырғаны сөзсіз. Жұртшылықты, мәдениет және өнер қайраткерлерін, БАҚ-ты кеңінен тарта отырып, Мемлекеттік тіл күнін ұйымдастыру және өткізу, түркі жазбаларына арналған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру, сондай-ақ тіл мәдениетін насихаттауға бағытталған шараларды өткізу дәстүрін жалғастыру жұмыстары қажетті шаралар қатарына жатады.

      Нәтижелер көрсеткіштері:

      1) көрнекі ақпараттың пайдаланылуын бақылаудың өңірлерді қамту дәрежесі (2014 жылға қарай - 30%, 2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 100%);

      2) терминологиялық комиссия бекіткен терминдердің үлесі (2017 жылға қарай - 18000, 2020 жылға қарай - 27000);

      Төртінші бағыт - лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау

      Мақсаты: "Қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын дамыту"

      Нысаналы индикаторлар:

      1) республикадағы орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі (2020 жылға қарай - 90%);

      2) этномәдени бірлестіктер жанындағы қазақ және ана тілдерін оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесі (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 80%);

      3) республикадағы ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 22%, 2020 жылға қарай - 25%);

      4) республикадағы үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген ересек тұрғындардың үлесі (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 17%, 2020 жылға қарай - 20%).

      1. Коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі орыс тілінің қызмет етуі

      Төртінші бағытты іске асыру арқылы Қазақстанның коммуникативтік-тілдік кеңістігінде орыс тілінің қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру көзделеді.

      Мұның аясында орыс тілін оқыту жүйесін оқу-әдістемелік және зияткерлік тұрғыдан одан әрі қамтамасыз ету, сондай-ақ оқытушы кадрларды кәсіптік тұрғыдан оқыту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

      Орыс тілінің қолданылуын ақпараттық қолдауға Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде орыс тілін пайдалануды қамтамасыз ету арқылы қол жеткізілетін болады.

      2. Қазақстандағы тілдік әралуандықты сақтау

      Осы міндет аясында, ең алдымен, Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің ана тілдерін оқытуға жағдай жасау көзделеді. Бұл үшін жексенбілік мектептерге оқу-әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ ана тілдерін оқыту кезінде тілді білетін тәжірибелі педагог мамандарды тарту және халықаралық тәжірибені, заманауи технологияларды пайдалану жоспарланады.

      Бұған қоса, этностардың тілдерін сақтау және мәдениеттерді өзара байыту үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету көзделеді. Кеңінен ақпараттық қолдау арқылы мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру, этностардың тарихи және қазіргі заманғы жазба мұрасын сақтауды қамтамасыз ету жұмыстары қажетті шаралар қатарына жатады.

      Халықтың шығармашылық тұрғыдан өсуіне жәрдемдесу этностардың мәдени және шығармашылық мүмкіндіктерін одан әрі іске асыру арқылы жоспарланады.

      3. Ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену

      Қазақстандықтардың лексикалық капиталының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі іскерлік және халықаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі шет тілдері болып табылады.

      Осы міндеттің аясында шет тілдерін оқыту процесінің ауқымды білім беру кеңістігін сақтау көзделіп отыр.

      Шет тілдік мәдениетпен өзара іс-қимыл жасау мақсатында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы үкіметаралық келісімдер аясындағы мәдени-көпшілік іс-шаралар - Шет мемлекеттердің мәдениет күндерін, көрмелер өткізу, көркем және деректі фильмдерді түпнұсқа тілінде көрсету көзделеді.

      4. Оқытудың үштілді моделін дамыту.

      Осы бағыт шеңберінде үштілді білім беру идеясын насихаттауға және ынталандыруға бағытталған арнайы іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмыс көзделген.

      Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар мен орта білім беру ұйымдарындағы үштілді білім беру және тәрбиелеу қызметіне арналған әдістемелік материалдарды әзірлеу және шығару да көзделген.

      Нысаналы топтарда үштілді білім беруді ілгерілету жөніндегі ақпараттық стратегияны іске асыру шеңберінде көрсетілген бағытты кеңінен жария ету көзделген.

      Нәтижелер көрсеткіштері:

      1) "қазақ және ана тілдерін үйрету бойынша әдістемелік көмекпен қамтылған этно-мәдени бірлестіктері бар этностардың үлесі (2014 жылға қарай - 20 %, 2017 жылға қарай - 60 %, 2020 жылға қарай - 100 %);

      2) орталықтардың жалпы санына шаққанда ағылшын және басқа да шет тілдерін үйрету қызметтерін ұсынатын мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының үлесі (2014 жылға қарай - 50 %, 2017 жылға қарай - 75 %, 2020 жылға қарай - 100 %).

Бағдарламаны іске асыру кезеңдері

      Бағдарламаны іске асыру үш кезеңде жүзеге асырылады.

      Бірінші кезеңде (2011 - 2013 жылдар) тілдерді одан әрі дамыту мен қолданудың нормативтік-құқықтық және әдіснамалық базасын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар өткізу көзделеді.

      Мәселен, бірінші кезеңнің аясында мемлекеттік тілді оқыту стандарттарын жетілдіру, қазақ тілін оқыту орталықтарын аккредиттеудің және олардың қызметін рейтингтік бағалау ісінің құқықтық негізін әзірлеу жұмыстарын жүзеге асыру қарастырылады.

      Бұған қоса, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын жүйелеуді қамтамасыз ету мәселесі бойынша ономастика саласындағы, терминологиялық лексиканы біріздендіру мәселесі бойынша терминология саласындағы, сондай-ақ антропонимикалық атаулар мен көрнекі ақпаратты сәйкестендіруді жүзеге асыру мәселесі бойынша антропонимика саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру көзделеді.

      Сонымен қатар, құқықтық олқылықтарды жою мен тіл туралы заңнаманың бұзылғаны үшін жауапкершілікті күшейту тұрғысынан нормативтік құқықтық базаны жетілдіру көзделеді.

      Осы кезеңде мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізетін, Қазақстанда тұратын этностардың тілдерін сақтауға және оқып-үйренуге қолайлы жағдайлар жасайтын ұйымдастырушылық-практикалық шаралар кешені, сондай-ақ нәтижелердің тиімділігіне мониторинг жүргізу жүйесін енгізу көзделеді.

      Екінші кезең (2014 - 2016 жылдар) аясында мемлекеттік тілді оқып-үйрену және қолдану саласында, сондай-ақ тілдік әралуандықты сақтауда жаңа стандарттар, технологиялар мен әдістерді енгізу жөніндегі практикалық шаралар кешенін іске асыру қарастырылады. Сонымен қатар, осы кезеңде Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын аккредиттеу ісін жүргізу, сондай-ақ олардың қызметіне рейтингтік бағалауды енгізу жұмыстары басталады.

      Мемлекеттік тілді меңгеруді ынталандыру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру - мемлекеттік қызметшілердің, халыққа қызмет көрсету және мемлекеттік қызметтер көрсету саласы қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруі жөніндегі міндетті төменгі талаптарды енгізу көзделеді. Бұған қоса, мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізу жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

      Тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейтумен қатар, әзірленген нормативтік құқықтық базаның негізінде қазақ тілінің терминологиялық қорын ретке келтіру, ономастикалық кеңістікті жүйелеуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар басталатын болады.

      Бағдарламаның үшінші кезеңінде (2017 - 2020 жылдар) мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін бақылау тетіктерін енгізу жұмысын ұйымдастыру көзделеді.

      Сонымен қатар, қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тілге қажеттілік болуына, оның басқа тілдердің тұғырын одан әрі сақтау жағдайындағы тиісінше қолданылу сапасына және меңгерілу деңгейіне жүйелі мониторинг жүргізу көзделеді.

      Бұған қоса, ономастика, терминология, мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу, сондай-ақ толерантты тілдік ортаны сақтау жөніндегі жұмыстар жалғасатын болады.

Қажетті ресурстар

      2011 - 2020 жылдары Бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражаттар жұмсалатын болады.

      Бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыруға арналған мемлекеттік бюджеттің жалпы шығыны 19 134 946 мың теңгені құрайды.

      2011 - 2020 жылдарға арналған Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.

 

Просмотров: 854


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст